15
февраль
2024
МЕН ӨМІРДІ ЖЫРЛАУ ҮШІН КЕЛГЕНМІН...
МЕН ӨМІРДІ ЖЫРЛАУ ҮШІН КЕЛГЕНМІН...
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №79 жалпы орта білім беретін мектебінде «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін...» тақырыбында Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби кеш өтті.
Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!
Мына жұрттар неғып жатыр тойламай?!
- деп бір тойды арман етіп өткен мұзбалақ ақын Мұқағали бір күндері туған күнін бүкіл ел болып тойлайтынын білді ме екен?!
9 ақпан – ғасыр ақыны, ақиық Мұқағали туған күн. Ақынның өлеңі кеудесінде жүрегі бар әр адамның жүрегіне жұмыр тиіп, сезімін селт еткізер құдіретке ие.
Мұқағали – мәңгі жыр. Қара жер, қалың қазақ перзентімен қоштасқанмен, оның жыры байтақ даласын кезіп, қазақ баласының көкейінде жатталып келеді. Сірә, ақын дейтін халықтың шыққан биігі, аласармайтын асқары осы шығар. Өзі айтпақшы, «Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев, алайда, өлтіре алмас өлеңді ешкім»...
Тіл қадірін түсінген әр қазақтың кеудесінде өз Мұқағалиы бар. «Мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да» дегені тағы бар. Лирик ақынның өлеңдерінен жетпістегі қарттың да, жиырмадағы жастың да өз бейнесін табатыны бар. Әркімнің өз Мұқағалиы бар дейтініміз содан. Ақын өлеңінен шеру жасаған мектеп ұстаздары мен оқушыларынан «Үш бақытым» өлеңі. Үш бақытымыз мәңгілік тұғырлы болсын!
Туған күнің құтты болсын, мәңгі жыр иесі - мұзбалақ Мұқағали!